Абыройы асқан қазақ боксы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен қамқорлығының арқасында еліміздің спорт саласы қарқынды даму жолына түсті. Саламатты өмір салтына ден қойған адамдар жыл санап артып, еліміздің барлық аймақтарында спорт ғимараттары көптеп салынып жатыр. Мемлекеттік деңгейде қолдау бар жерде нәтиже болатыны белгілі. Бұған ел спортшыларының әлемдік аренадағы тамаша жеңістері толық дәлел болады. Мәселен, Лондон Олимпиадасы Қазақстан спортшыларының әлемдік деңгейдегі мүмкіндігін нақты көрсетіп берді. 205 мемлекет бәсекеге түскен айтулы сында біздің құрама командалық есепте 12-орынға табан тіреді. Қазақ олимпиадашыларының бұл табысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары баға берді, ал миллиондаған жанкүйер шат-шадыман қуанышқа бөленді. Содан бері екі жарым жылдай уақыт артта қалды. Біз бүгінгі мақаламызда 2013 және 2014 жылдардағы спорт маусымдарына мүмкіндігінше шолу жасап, ой тарқатқанды жөн санадық. 2013 жыл Қазақстан спорты үшін сәтті болды. Бұл жылы қазақ боксшылары бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. Тарихқа зер салсақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Болат Жұмаділов, Серік Сәпиев (2 рет), Геннадий Головкин, Галиб Жафаров, Ердос Жаңаберген секілді былғары қолғап шеберлері әлем чемпиондары болған екен. 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатына 116 мемлекеттен 576 боксшы келді. Бұл чемпионат қатысушы елдер мен спортшылардың көптігі жағынан рекорд жаңартты. Осы әлемдік бәсекеде Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлы сынды төрт бірдей қазақ жігіті әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко күміс медальға, Қайрат Ералиев пен Берік Әбдірахманов қола жүлдеге ие болды. Сөйтіп, қазақтың өжеттігі мен шеберлігін бүкіл әлем мойындады. Қалың қазақтың рухы көтерілді, жанкүйер қауым қуанышқа кенелді. Бұған дейінгі Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында бірнеше мәрте мойны озық үш құраманың қатарынан көрінген қазақ құрамасы бұл жолы тарихта тұңғыш рет дүниежүзілік чемпионаттың командалық бас жүлдесіне иелік етті. Дарынды былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанды. Ал құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов 2014 жылдың қорытындысы бойынша Жер шарының ең таңдаулы жаттықтырушысы атағына ие болды. Біле білсек, ел болып шаттанатын, көп болып бағалайтын жетістік осы дер едік. 195 мемлекеттің бокс федерацияларын біріктіретін АИБА басшылары қос қазағыңды дүниежүзінің ең таңдаулысы деп мойындап жатса, қалай қуанбайсың. Ел мерейі, ұлт мәртебесі осылай көтеріледі. Біздің боксшылар мұндай биік белеске бір күнде жеткен жоқ. Кеңес Одағы тұсында жоғары деңгейде көрінген республика былғары қолғап шеберлері тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде дүниежүзіндегі мықтылар сапында келеді. ХХ ғасырдың 90-жылдарының ортасында Қазақстан бокс федерациясының басшысы Бекет Махмұтов АИБА-ның бірінші вице-президенті дәрежесіне көтерілсе, боксшыларымыз Олимпиада және әлем чемпионаттарында ерекше көзге түсті. Бекет Махмұтовтың белсенділігі мен іскерлігі нәтижесінде Василий Жиров 1996 жылы, Бақтияр Артаев 2004 жылы Олимпиаданың ең таңдаулы боксшысына арналған Баркер кубогын жеңіп алды. Қысқасы, Бекет Махмұтов республика боксына көп еңбек сіңірді. Б.Махмұтовтан кейін АИБА-ның вице-президенті болған Тимур Құлыбаевтың да ел боксына қосқан үлесі мол. Қазақстан Республикасының Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының президенті Тимур Асқарұлы бокстан 2013 жылғы әлем чемпионатының Алматыда өтуіне ұйытқы болып, дүниежүзілік сынның биік деңгейде ұйымдастырылуына барынша атсалысты. 2013 жылы Қазақстан ауыр атлетшілері әлем чемпионатында 1 күміс, 1 қола медальға ие болды. Илья Ильин, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова секілді Олимпиада және әлем чемпиондары дүниежүзілік біріншілікке қатыспаса да, біздің спортшылар бұл сыннан құрқол қайтқан жоқ. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында жетінші орынға табан тіреген Алмас Өтешов бұл жолы сәтті өнер көрсетті. Ол қазақ ауыр атлетшілерінен бірінші болып әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Алмаспен бір салмақта – 94 келіде сынға түскен Владимир Седов әлемдік сынның қола медалін жеңіп алды. Осының өзі-ақ қазақ ауыр атлетшілерінің әлемдік деңгейдегі мүмкіндігінің зор екенін көрсетіп берді. Дзюдошы Азамат Мұқанов та Алмас бауыры секілді ұлт спорты тарихының жаңа парағын ашты. Бұған дейін қазақ дзюдошылары әлем чемпионатының қола жүлдесімен шектеліп келсе, 2013 жылғы дүниежүзілік біріншілікте Мұқанов күміс жүлдеге ие болды.Азамат сол жылы Азия чемпионатында қола медальді қанағат тұтқан еді. Осы жерде тарихқа сәл шегініс жасасақ, дзюдо күресі Қазақ еліне ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының басында келді. Содан бері қырық жылдан аса уақыт өтті. Қазақстандық жаттықтырушылар осы уақыт аралығында 2009 жылғы дүниежүзінің жеңімпазы Максим Раковтан басқа әлем чемпионын баптай алмады. Қазақ дзюдошыларынан әлі күнге дейін Олимпиада және әлем чемпионының шықпауы да осы сала бапкерлерінің намысына тиетін жағдай. 2013 жылы грек-рим күресіндегі түйе балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев үшінші рет әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Әйелдер күресінде ел намысын қорғаған Екатерина Ларионова қоржынымызды қола медальмен толықтырды. Еркін күрес балуандары миллиондаған жанкүйерлердің сенімін ақтай алмай, тағы да жүлдесіз қалды. Еркін күрестің Қазақ елінде қанат жая бастағанына алпыс жылдай уақыт болды. Содан бері ересектер арасында Олимпиада жеңімпазы немесе дүниежүзінің чемпионы атанған бірде-бір балуанымыз жоқ. ХХ ғасырдың 60-70-жылдары ұлттық құраманы Петр Матущак пен Қабден Байдосов баптаған кезеңде Мәскеудің солақай саясатының салдарынан талай мықты балуандарымыздың бағы байланса, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма үш жылда 1 миллиондай ғана чешен мен Каспийдің арғы бетіндегі әзербайжан бауырлар ғұрлы күресе алмай келеміз. Бұл жылы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты Мәскеуде өтті. Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Ольга Рыпакова Ресей астанасындағы жарысқа аяғы ауыр болуына байланысты қатыса алған жоқ. 206 елдің спортшылары бәйге көрігін қыздырып, 47 медаль жиынтығы сарапқа салынған дүбірлі бәсекеде Ресей құрамасы жалпыкомандалық бас бәйгені жеңіп алса, Қазақстан жеңіл атлетшілері ең болмаса бір медальға іліге алмады. Мәскеудегі чемпионатта Украина жеңіл атлетшілері екі алтын, Эстония спортшылары бір қола медаль олжалап, бізден озып кетті. Байдарка мен каноэ есуден болған әлемдік чемпионатта 29 медаль жиынтығы сарапқа түсті. Аз жүлде емес. 78 мемлекеттің спортшылары таласқа түскен бәсекеде 11 қайықшысы бар Қазақстан құрамасына медаль бұйырған жоқ. Ал белорустар 3 күміс, 2 қола медальмен әлемдегі мықты командалардың қатарына қосылды. Біздің медальдарымыз бокс, ауыр атлетика, дзюдо және күрестен бұйырды, ал барлығы 76 алтын медаль таласқа түскен жеңіл атлетика мен қайық спортында олқы соғып жатқанымыз Мәдениет және спорт министрлігі басшыларына ой салса дейміз. Осы тұста 2013 жылды түйіндесек, Қазақ елі спортшылары 4 алтын, 4 күміс, 5 қола медальмен дүниежүзі бойынша 20-орынға шықты. Егер сол жылғы әлем чемпионатына күшті деген ауыр атлетшілеріміз қатысқанда, біздің ұлттық құраманың едәуір жоғары көтерілуге мүмкіндігі бар еді. Азия бойынша бесінші сатыдамыз. ТМД елдері арасында үшінші орындамыз. Бір қарағанда, жаман нәтиже емес. Бірақ Қазақстан спортының мүмкіндігі бұдан да зор екенін естен шығармауымыз керек.Басты бәсекелерде бабымызда болдық
Біздің ұлттық құрама үшін 2014 жылдың басты бәсекелері – Сочидегі Қысқы Олимпиада мен Инчхондағы жазғы Азия ойындары және ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем чемпионаты десек, қателеспейміз. Сочи Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен жеңіп алған жалғыз қола медальмен жалпыкомандалық есепте 25-орынға ие болдық. Қысқы Олимпиадада фристайлшылар мен шорт-трек командасы тәуір өнер көрсетті. Сочиден оралысымен барлық күшті жазғы Азия ойындарына дайындыққа жұмылдыруға тура келді. 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласындағы құрлық ойындарында бар болғаны 18 алтын медальға ие болып, командалық бесінші орынды қанағат тұтқан едік. Сол сында Иран құрамасы алдымызды орап, жалпыкомандалық төртінші орынды бізден тартып алған еді. Иә, алғашқы үш орын Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяның еншісінде. Халқының саны бізден әлдеқайда басым бұл мемлекеттермен жекелеген спорт түрлерінен таласуға болады, ал кешенді жарыстарда бақ таластыру әзірге мүмкін болмай тұр. Инчхондағы ойындарға командалық есепте қайтсек те төртінші орыннан көріну үшін тас-түйін бекініп бардық. Себебі, Лондондағы Олимпия ойындары біздің халықаралық аренадағы мүмкіндігіміздің мол екенін мұқым дүниеге дәлелдеп берді емес пе?! Оның үстіне, бірнеше спорт түрінен нәтижелеріміз бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір жақсарған болатын. Біздің басты қарсыластарымыз – ирандықтар негізінен спорттың жекпе-жек түрлеріне үміт артумен қатар, олардың мылтық, садақ, велосипед, волейбол, баскетбол және жеңіл атлетикадан алтын медальға таласатын мүмкіндіктерін есепке алдық, бізде дәстүрлі жекпе-жектерден басқа, спорттың командалық және классикалық түрлері қанаттаса дамып келеді. Тәуекел! Сәтін салғанда бәрі ойдағыдай болды. Боксшыларымыз 6 алтын 1 күміс, 1 қола медаль олжаласа, ирандық боксшылар 2 күміс, 1 қола медальмен шаң қауып қалды; Қазақстан құрамасы жүзуден 3 алтын, 2 күміске ие болса, Иран спортшылары бірде-бір жүлде алған жоқ; біз байдарка мен каноэ есуден 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медальді еншілесек, ирандықтарға бұйырғаны – 1 күміс, 2 қола жүлде. Аталған үш спорт түрінен ғана Қазақстан спортшылары Иран құрамасынан 14 алтын медальді артық олжалады. Сонымен бірге, дзюдо бәсекесінде ирандықтардан басым түстік. Елдос Сметов қазақ дзюдошыларынан бірінші болып Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Мылтық атуда, велосипед жарысында және ауыр атлетикада екі ел құрамасы үзеңгі қағыстырып, қатар жүрді. Олар ерлер волейболында алтын алса, біздің су добы құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Иран садақ атудан озса, біз стенд атудан, үлкен теннистен жеңдік. Иран каратэден 3 алтын медальға қол жеткізсе, біз 2 алтын жүлдемен өкшелей басып тоқтадық. Иран таэквондодан 4 алтынды қанжығаға байласа, біздің жеңіл атлетшілер 3 алтын медальді қоржынға салды. Қысқасы, Иран балуандары күрестің үш түрінен 6 жеңімпазбен бізден озып кетті. Грек-рим күресіндегі түйе балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев қатарынан екінші рет Азия ойындарының чемпионы атанып, мерейімізді өсірсе, боксшы Данияр Елеусінов, жеңіл атлетшілер Ольга Рыпакова мен Маргарита Мұқашева да Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы деген мәртебелі атаққа ие болды. Ал 44 жастағы сұрмерген Ольга Довгун Инчхонда үшінші рет Азия ойындарының алтын тұғырына көтерілді. 2014 жылғы Азия ойындарында Қазақ елінің боксшылар командасы, су добы шеберлері, теннистен ерлер командасы және байдарка мен каноэ есу құрамасы командалық бас бәйгені жеңіп алса, дзюдошылар мен жағажай волейбол командасы, тас жолда жарысатын велосипедшілеріміз 40-тан аса мемлекет қатысқан ойындарда екінші орынға табан тіреді. Регби, теннис, көркем гимнастика және қол добынан әйелдер құрамалары, синхронды жүзушілер, жүзушілер, мылтық және стенд атушылар, каратэшілер командалық есепте Азия ойындарында үшінші орынға ие болды. 2010 жылы ел өрендері спорттың 9 түрінен алтын, 11 түрінен күміс, 17 түрінен қола медальға қол жеткізсе, 2014 жылы спорттың 14 түрінен алтын, 13 түрінен күміс, 25 түрінен қола медальді жеңіп алды. Осы деректер өткен төрт жыл ішінде еліміздің жоғары спорты сапалық жағынан қаншалықты алға басқанын дәлелдейді. Тағы бір ескеретін жағдай, ел құрамасы Инчхонда 28 алтын медаль олжалап, рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, біздің құрама төрт жылда бір рет өтетін Азия ойындарында Иранды ғана артқа тастап қойған жоқ, бірнеше спорт түрінен Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея спортшыларын басып озды. Жалпы жиыны 28 алтын, 23 күміс, 33 қола (барлығы 84) медальді қанжығаға байлаған республика құрамасы халқының саны бізден әлдеқайда көп Үндістан (1 млрд. 220 млн. тұрғыны бар), Индонезия (245 млн.), Пәкістан (193 млн.), Филиппин (101 млн.), Вьетнам (90 млн.), Иран (80 млн.), Тайланд (67 млн.), Өзбекстан (30 млн.), тағы басқа ірі мемлекеттерді, барлығы 41 елді артқа тастап, командалық есепте төртінші орынға шықты. Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы тамаша табысын әлем чемпионаттарында бақ сынаған ауыр атлетшілеріміз бен боксшы қыздарымыз лайықты жалғастыра білді. Ауыр атлетикадан Алматыда өткен дүниежүзілік біріншілікте екі дүркін Олимпиада жеңімпазы Илья Ильин төртінші рет әлем чемпионы атанды. Ол осы жарыста серпе көтеруден әлем рекордын жаңартты. Жас штангашы Жасұлан Қыдырбаев Алатау баурайындағы айтулы сында шын шеберлігімен танылды. Ол – ауыр атлетикадан қазақ жастарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы! Ұзақ жылдар бойы спорттың осы түрі біздің бауырларға ырық бермей келсе, Жасұлан өз жеріміздегі әлемдік чемпионатта тау-тау темір көтеру қазақ жігіттерінің де қолынан келетінін дәлелдеп берді. Олимпиада жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Зүлфия Чиншанло Алматы төрінде серпе көтеруден әлем рекордын (134 кило) жаңартып қана қоймай, қоссайыста үшінші рет дүниежүзілік біріншіліктің алтын тұғырына көтерілді. Қазақтың дарынды қызы Жазира Жаппарқұл әлемдік чемпионаттың күміс жүлдегері атанса, 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седов та күміс медальға қол жеткізді. Алатау баурайындағы чемпионатта ересектер арасында 12 әлем рекорды жаңарды. Қазақстан ауыр атлетшілер құрамасы жалпыкомандалық есепте Қытай мен Солтүстік Корея командаларынан кейін үшінші орынға табан тіреді. Бұл, сөз жоқ, тамаша жетістік. Осы жерде Жанат Түсіпбеков жетекшілік ететін республикалық Ауыр атлетика федерациясының ерен еңбегін атап өткен жөн. Федерация басшылығы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Алматыдағы әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізді. Айтулы сынға бес құрлықтың 72 елінен 538 спортшы қатысты. Чемпионаттың ұйымдастыру комитетінде 80 адам болса, оларға ағылшын тіліне жетік 300 волонтер қол ұшын берді. Бұл жарысты әйгілі «Eurosport» бастаған телеарналар дүниежүзінің 120 еліне күнделікті насихаттап тұрды. Чемпионаттың үш тілде ұйымдастырылған арнайы сайтын күніне орта есеппен 40 мың жанкүйер оқыса, 15 қараша күні оқырман саны 98 мың адамға жетті. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аян мырза Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған алғыс хатында Қазақ елінде болған чемпионат бұған дейінгі дүниежүзілік біріншіліктерден барлық жағынан жоғары тұрғанын атап өтті. Ауыр атлетикадан маңдайы жарқырап шыққан үш әлем чемпионының қатарын боксшы қызымыз Назым Қызайбай толықтырды. Назым Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатында қазақ қыздарынан бірінші болып дүниежүзінің чемпионы атағына ие болды. Оның командалас құрбысы Ләззат Күнгейбаева әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен, Қазақстан спортшылары 2013 жылы жазғы спорт түрлерінен әлем чемпионатында 4 алтын медальға ие болса, 2014 жылы негізгі күшімізді жазғы Азия ойындарына жұмылдырғанымызға қарамастан, тағы да 4 алтын жүлдеге қол жеткізді. Аллаға шүкір, Лондон Олимпиадасынан кейінгі екі жыл республика спорты үшін жемісті болды. Бұл жетістіктерге қоса, шахматшы қыздарымыздың 130 мемлекет спортшылары қатысқан Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында тұңғыш рет алтыншы орынды жеңіп алғанын мақтанышпен айтуға болады. Құрамында Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Гүлісхан Нақбаева, Гүлмира Дәулетова және Мәдина Дәулетбаева сынды талантты қыздарымыз бар Қазақстан құрамасы осы Олимпиадада командалық екінші орын алған Қытай қыздарынан небәрі бір ұпайға ғана ұтылды. Шахматқа қатысты тағы бір жағымды әңгіме: былтыр Динара Сәдуақасова жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Тағы бір қарлығашымыз – теннисші Зарина Диас былтыр жыл басында әлемдік теннис рейтингінде 152-орында тұрса, 2015 жылдың қаңтарында 31-орынға көтерілді. Бұл айтуға ғана оңай. Үлкен теннисте спортшылар бокс пен күрестегідей салмақ дәрежелеріне қарай іріктелмейді, жеңіл атлетикадағыдай әр қашықтыққа бөлек-бөлек жарыспайды. Жер шарының барлық теннисшісі ер және әйелдер болып екі-ақ топқа бөлінеді де, бәсеке көрігін қыздырады. Біздің Зарина осындай әлемдік аламан додада қазақтың намыс туын биік ұстап жүр. Қазір Зарина Диас Қазақстан теннисшілерінің көшбасшысы. Реті келгенде Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың осы спорт түрінің ел көлемінде кеңінен қанат жаюына зор үлес қосқанын айта кетуіміз керек. Федерацияның бастамасымен заман талабына сай теннис орталықтары мен корттары елдің барлық аймақтарында салынды. Соның нәтижесінде тенниске ден қойған адамдардың қатары жыл санап өсіп келеді. Кейінгі жылдары Қазақстан теннисшілері халықаралық аренада жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Жыл соңында АИБА-дан тағы бір сүйінші хабар жетті. Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов қатарынан екінші жыл дүниежүзінің ең үздік жаттықтырушысы атанды. Ал бокс құрамасының капитаны Данияр Елеусінов 2014 жылдың қорытындысы бойынша тағы да әлемнің ең таңдаулы боксшысы ретінде танылды. Қазақ еліне бокс қолғабын тұңғыш алып келген Шоқыр Бөлтекұлы ағамыз армандаған мерейлі сәттерді көру біздің маңдайымызға жазылған екен. Баршаңызға қазақ спортының абыройлы күндері көп болсын, дейміз. Қазір ұлттық құрама Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қызу әзірленіп жатыр. Спорт мамандары мен спортшылардың басты мақсаты – мемлекет мәртебесін көтеріп, жанкүйер сенімін ақтау. Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.